top of page

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ КОЛЛЕДЖ

       Қазіргі таңда сапалы білім, өнегелі тәрбие беріп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қасиетті білім ордаларының бірі Қызылорда қаласындағы 55 жыл тарихы бар,  іргелі  орта кәсіптік білім беретін  оқу орындарының бірі - Көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледжі де бар.

Аталмыш оқу орнының  іргетасы 1963 жылы сатушылар даярлайтын 6 айлық курс негізінде ашылған. Кейін әр жылдары оқу орнының атауы өзгертіліп отырды. 1966 жылдан бастап облыстық тұтынушылар қоғамына қарасты кооператив училищесі болса,1978 жылы училище негізінде Шымкент кооперативтік  техникумының  Қызылордадағы филиалы,1991 жылы Қазақстан тұтынушылар Одағы Басқармасының шешіміне сәйкес ПТУ техникумы болып қайта құрылған. Ал 1995 жылы техникум «Қызылорда есеп-сауда» колледжі деп аталып, бес жылдан соң облыстық тұтынушылар басқармасының  қарарына сәйкес «Экономика және құқық» колледжі  деп қайта өзгертілді. Оқу орны  2013 жылдан бері Көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледжі ретінде білім беріп келеді. Бұлай өзгеруінің басты себебі- қазіргі заман талабына сай енгізілген жаңа мамандықтардың қосылуына байланысты еді.

Тарих тамыры тереңінен бастау алатын колледж осы жылдар ішінде 30 мыңнан астам маман даярлап, түлетіп ұшырған. Білім нәрімен сусындатқан түлектері, қазіргі таңда  еліміздің түпкір-түпкірінде өз мамандықтары бойынша табысты еңбек етуде.

Заман талабына сай сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жатқан колледж бүгінде төмендегідей  мамандықтар  бойынша  мамандар даярлауда: «Бастауыш білім беру», «Негізгі орта білім (қазақ тілі мен әдебиет), «Құқықтану», «Қаржы», «Есеп және аудит», «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «Маркетинг», «Экономика», «Өрт қауіпсіздігі»,«Электрондық есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру», «Төтенше жағдайда қорғау»,«Кітапхана ісі»,«Әлеуметтік жұмыс»,«Темір ұста ісі», «Телекоммуникациялық құралдармен тұрмыстық техникаларды жөндеу және қызмет көрсету», «Ферма шаруашылығы» (әр сала бойынша). Барлық мамандықтар бойынша оқу мерзімі 11 сынып бітіргендер үшін 1 жыл 10 ай және 2 жыл 10 ай,ал  9 сынып бітіргендер үшін 2 жыл 10 ай  және 3 жыл 10 ай. Колледж түлектері кейін өздері қалаған кез келген   жоғары оқу орындарының біріне немесе Қызылорда қаласындағы Қарағанды экономика университетінің филиалына оқуға түсіп, жоғары білім ала алады.

2.jpg
a8.jpg

Колледжің бір жылдық оқу ақысына келер болсақ, күндізгі бөлім- 125 мың теңге, ал сырттай бөлім- 85 мың теңге.Колледжге оқуға түсу үшін әлбетте өткізілетін құжаттар тізбесі бар. Оқу процесіне сай колледжде 14 дәрісхана, 1 кітапхана, 1 спорт зал, 1 асхана, 3 компьютерлік класс (әлемдік ғаламтор желісіне қосылған),120 орындық жатақхана бар.

            Ұстаз беделі - ұлт беделі. Қазіргі заманның ұстазы- кәсіби деңгейі жоғары және саяси сауатты маман болу тиіс. Олардың ұрпаққа білім мен тәрбие беруде еңбектері өлшеусіз.Бүгінгі күні осындай құрметті атқа лайықты болып, шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген және ұжымды абыроймен басқарып отырған Сарбалакова  Айымжан  Жорабекқызының ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы екенін айта кетейік. Іскер де білікті басшы білімі мен біліктілігін жетілдіру мақсатында үнемі ізденіс үстінде жүреді. Қандай да іс болмасын бірінші өзінен бастайды. Айымжан Жорабекқызының осындай тынымсыз еңбегі бағаланып ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық Білім басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталған.

  

1.jpg

Қазіргі кезде білім берудегі басты мақсат- жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» демекші, ұстаз –қай кезде де оқу орнының жүрегі, қоғамның тірегі.  Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі тұста өмір сүруге икемді, өзін-өзі толық бейімдей алатын, білікті, шығармашылыққа жақын, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру - мұғалімнің басты міндеті. Бұл міндетті кәсіби білімі жоғары, парасатты ұстаз ғана іске асыра алады. Білімі мен білігі астасқан осындай ұстаздар аталмыш білім шаңырағында да баршылық. Осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, абырой мен құрметке бөленіп жүрген ұстаздарды атап өтсек: Оспанова Рахия Мұхтарқызы, Мұсаева Қайыркүл Мұсақызы, Мусаева Гүлзат Сұлтанбекқызы, Мырхиев Әбдікамал Мұқамбетқалиұлы, Абдимомынова Мизамкүл Шәкірбекқызы, Шильдебаева Жадыра Жұмаділқызы, Сугурова Зухра Алматқызы  және т.б.

коллектив.jpg
выпуснкной.jpg

Сонымен қатар, колледждің өркендеп өсіп қанат жаюына,сапалы білім мен саналы тәрбие беруде  өздерінің зор ықпалын тигізіп, білім ордасының ұйытқысы болып жүрген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Рахымжан Айнұр Бақытбекқызы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Курумбекова Анар Аманбекқызы және колледж әдіскері Альмердинова Ұлбосын Мүсілімқызының белсенділіктері мен іскерліктерін айырықша      атап өтуге тұрарлық. 

Дегенмен, колледжде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың  барлығы- білгір маман, көреген басшы колледж директоры Сарбалакова Айымжан Жорабекқызының  басшылығымен ұйымдастырылуда.

Енді, колледж тіршілік тынысымен таныстыра кетсек, мұнда түрлі спорт секциялары, мамандандырылған оқу үйірмелері мен тағы басқа үйірмелер бар.Ұстаздар қауымы мен білім алушылар облыстық, қалалық, колледжаралық, колледжішілік түрлі іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.Сол сияқты ғаламтор желісі арқылы қашықтықтан өтетін республикалық сайыстарға да қатысып отырады.

   Пән оқытушыларының  білім алушыларға  заманауи сабақтар  өткізгенде инновациялық әдістерді тиімді пайдалану жайлы сөз қозғасақ, бүгінгі ұстаздардың алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі- оқытудың жаңа әдіс- тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру болып отыр. Бұл тұрғыдан колледж тәлімгерлері жақсы жетістіктерімен көзге түсуде. Ұстаз үшін ең басты мәселе- оқыту әдісін дұрыс таңдау. Жаңа технологияларды меңгеру оқытушының зияткерлік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. 

     Бүгінгі таңда әрбір оқушыға сапалы да терең білім беруге бар жағдай жасалынған.  «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген сөздерді ескере отырып, пән оқытушылары сабақтарында  мүмкіндігіне қарай компьютер мен мультимедиялық жобаларды  пайдаланып, интерактивті тақтамен жұмыс жүргізу арқылы,түрлі  ақпараттық желілерді пайдалана отырып дәріс беруде. Заман талабына сай пән оқытушылары жаңа технологиялық  әдіс-тәсілдермен дәріс өткізсе, онда  әрбір оқушы өз бетімен оқып үйренуге бейімделіп, шығармашылықпен жұмыс істеуге қалыптасып, қорытынды  жасауға үйренеді, яғни өз бетінше терең білім алуға дағдыланады.  

    Соңғы  жылдары  колледждің  педагогикалық  құрамы  жас мамандармен  толықтырылған. Оларға тәжірибесі мол тәлімгерлер бекітіліп, бірге жұмыс жүргізуде. Колледж ұжымы жылда колледжішілік және облыс көлемінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Білім алушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру жағы да дұрыс жолға қойылған. Соның нәтижесінде студенттер ән-күй, би, спорт жарыстары мен мүшәйра, шығармалар байқауына, ғылыми конференцияларға қатысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

      «Бүгінгі жас ертеңгі азамат».Мәңгілік елдің тізгінін ұстар ұрпақтың білікті де білімді, қайсар да жігерлі болуы - бүгінгі беріліп жатқан тәлім-тәрбиеге, үлгі-өнегеге тікелей байланысты екені сөзсіз. Олай болса, ел болып еңсемізді тіктеген қазіргі таңдағы ерекше көңіл бөлер істің бірі де бірегей- жас ұрпақ тәрбиесі болмақ. Бұл ретте Көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледжінің атқарып жатқан еңбегі зор. Ол- әр түлегін өз ісінің білгірі етіп тәрбиелеуде, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде, парасатты адам етіп қалыптастыруда өзге оқу орындарынан оқ бойы озық тұрған білім шаңырағы. Жас ұрпақтың таптырмас маман, парасаты биік адам етіп қалыптастыруды ізгі мақсат тұтқан аталмыш білім ордасының алдағы алар асуы биік, келешегі кемел, мәртебесі жоғары боларына күмән жоқ.

Көпсалалы «Ұлағат Қызылорда» колледж  әдіскері

                                                                                   АЛЬМЕРДИНОВА  ҰЛБОСЫН

bottom of page